Zhanibekov university logo

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

20 Қараша 2026, 09:36
Медиа Орталық

Академиялық істер департаментінің ұйымдастырумен «Болашақ» бағдарламасы: халықаралық тәжірибе және әлемдік білім беру тәсілдерін ұлттық білім беру жүйесіне енгізу» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.Физика-математика факультетінің деканы, PhD, қауымдастырылған профессор Баян Уәлиханова «UCL-дегі ғылыми мектеп құру тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы University College London-дағы тағылымдама тәжірибесіне сүйене отырып, ғылыми мектеп қалыптастырудың негізгі шарттарын таныстырды. Атап айтқанда, ортақ ғылыми бағдарлама, ғылыми көшбасшылық, әдіснамалық сабақтастық, зерттеушілердің жаңа буынын даярлау, ғылыми нәтижелер және зерттеу дәстүрінің тұрақтылығы мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар ғылыми мектепті дамытудың бес негізгі тетігі ұсынылды: ғылыми көшбасшылықты қалыптастыру, ортақ зерттеу бағытын айқындау, жүйелі ғылыми жетекшілік пен есептілікті ұйымдастыру, ғылыми пікірталас мәдениетін орнықтыру және жас зерттеушілерді кезең-кезеңімен даярлау. Баяндамашы физика, химия және фармация бағыттарын біріктіретін «Дәрілік заттарды жобалау және әзірлеу саласында кванттық есептеулерді қолдану мүмкіндіктері» атты зерттеу бағытын мысал ретінде келтірді. Апталық ғылыми жұмыс циклі, Journal Club форматындағы талқылаулар және профессор Шозеб Хайдер жетекшілік ететін ғылыми мектептің тәжірибесі таныстырылды.

Ағылшын тілі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Ғайша Рәмбердиева «Ұлыбританияның жоғары білім беру тәжірибесі: “Болашақ” ғылыми тағылымдамасының нәтижелері мен болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Сассекс университетіндегі тағылымдама барысында зерделенген ғылыми ойлау еркіндігі, студентке бағдарланған оқыту, зерттеушілік және рефлексиялық мәдениет, сондай-ақ теория мен практиканың сабақтастығы туралы баяндады. Баяндамашы білім алудың сұрақ қоюдан басталатынын және оқыту сапасы студенттің ойлау тереңдігімен де айқындалатынын атап өтті. «Education, Theory and Practice» модулі, PSF 2023 халықаралық кәсіби стандарттары, ғылыми пікірталас пен бірлескен оқыту тәсілдері таныстырылды. Ұлыбританияның үш білім беру ұйымында жүргізілген педагогикалық бақылау нәтижесінде теориялық білімді тәжірибемен байланыстыру, рефлексиялық бағалау жүргізу және тиімді әдістерді жергілікті жағдайға бейімдеу жолдары қарастырылған.

Ғылыми тағылымдама нәтижесінде мультимодальды дискурс, медиасауаттылық және лингвомәдени зерттеулер бағытында төрт ғылыми мақала жариялауға дайындалған. Оның біреуі Scopus базасындағы журналға бағытталған. Bett 2026 халықаралық конференциясы негізінде жасанды интеллектіні білім беруде қолдану, аралас оқыту, академиялық адалдық және ғылыми этика мәселелері де талқыланды. Семинар қорытындысында зерттеуге негізделген оқытуды, Reading Circles және Peer Teaching әдістерін, мультимодальды сауаттылықты, жасанды интеллектіні академиялық адалдық қағидаларына сәйкес қолдануды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту ұсынылды. Іс-шара шетелдік ғылыми тағылымдамалардың нәтижелерін университеттің академиялық дамуына бағыттау, ғылыми мектептерді қалыптастыру және халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне бейімдеуге арналды.