Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да профессор Керімбек Сыздықов атындағы дәрісхана ашылды.
Жақсының есімін жаңғыртуға арналған ұлағатты шара ұстаз-ғалымға арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатымен басталды. Мерейлі сәтті ақын, университеттің айтыс үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия арнаумен ашты.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева білімдар әдебиетші, биязы жан болған Керімбек Сыздықовтың ұрпаққа қалдырған мол мұрасы туралы айтты.
— Бүгінгі шараның мақсаты жақсының есімін жаңғыртуға арналады. Шымкентте тұрып-ақ, Әуезовтей таутұлғаны тану биігіне ұмтылған профессордың өмір жолы жас ұрпаққа өнеге, — деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Тағылымды шараға Керімбек Сыздықовтың әпкесі Сақыпжамал апа, қызы Айсара мен ұлы Ұлықбек Сыздықовтар қатысты. Салтанатты жиыннан кейін жаңа дәрісханада «Керімбек Сыздықов — ғалым, ұстаз, қайраткер» тақырыбында алғашқы халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның пленарлық мәжілісі өтті. Конференцияда белгілі әдебиеттанушылар Құлбек Ергөбек, Нариман Нұрпейіс, тағы басқа зерттеушілер мұхтартану ғылымын биікке көтерген ғалым туралы баяндама жасады.