ЖАС ҒАЛЫМДАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев бүгін университет докторанттарымен кездесіп, ашық диалог өткізді. Кездесуде елдегі саяси өзгерістер мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер туралы айтылып, пікір алмасты.
Жас ғалымдар Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ата Заңдағы өзгерістердің Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтіп, ғылыми қауымдастықтың ел болашағына қосар үлесі туралы пайымдарымен бөлісті. Басқосу барысында докторанттардың ғылыммен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау мәселесі де кеңінен талқыланды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдауды күшейту, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру, жобаларға қатысу мүмкіндігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, университет қабырғасында докторанттар ұйымын құру бастамасы көтерілді. Мұндай құрылым жас ғалымдардың мүддесін қорғауға, олардың бастамаларын қолдауға және ғылыми ортада өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді. Докторантурадағы білім беру жүйесін жетілдіру мәселесі қызу талқыланды. Докторанттар оқу бағдарламаларын жаңғырту, академиялық процесті оңтайландыру және ғылыми жетекшілік сапасын арттыру бойынша тың ұсыныстар білдірді. Университет ректоры жас ғалымдардың бастамалары оқу орны дамуының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Кездесуде ғылыми жобаларды коммерцияландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ғылыми зерттеулер нәтижелерін өндіріс пен бизнеске енгізу, гранттық қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту, стартап-жобаларды іске асыру тетіктері сөз болды. Ректор инновациялық идеяларды қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Сонымен бірге, оқу аяқталғаннан кейін докторанттардың ғылым саласында және университет ұжымында өз тәжірибелерін жалғастыруына мүмкіндік жасау, оларды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылды. Университет басшылығы ғылыми дәрежесі білім алушыларды жұмыста қалдыруға және олардың әлеуетін ғылыми-педагогикалық дамуға бағыттауға мүдделі екенін білдірді.
Әлеуметтік желілерде жас ғалымдардың белсенділігін арттыру, ғылымды дәріптеу жұмыстарын күшейту қажеттігі де айтылды. Тараптар алдағы уақытта осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, көтерілген мәселелерді жүйелі түрде талқылап отыруға келісті.
Кездесу соңында докторанттар университет басшылығына және ЖООКББИ қызметкерлеріне көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдірді. Ашық әрі мазмұнды форматта өткен басқосу жас ғалымдардың белсенділігін арттыруға, ғылым мен білім беру сапасын жетілдіруге және университеттің стратегиялық дамуына серпін беретін маңызды қадам болды.


Осыған ұқсас
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ: «СТУДЕНТТЕРІ 100 ПАЙЫЗ САБАҚҚА КЕЛЕТІН УНИВЕРСИТЕТ»
ОҚПУ ҰЖЫМЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ
СТУДЕНТТЕРІМІЗ —ЗИЯТКЕРЛІК ТУРНИРДІҢ ҮЗДІКТЕРІ!
РЕКТОР ЖАЙДАРМАНШЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
100 күн: жұмыс нәтижелері
«ЕҢСЕСІ БИІК ЕГЕМЕН ЕЛІМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
«ТОЛЫҚ АДАМ – САНАЛЫ, БІЛІМДІ, ЖАУАПТЫ ТҰЛҒА» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАСТАРҒА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
«ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛЕНДІРУДЕГІ АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ