УНИВЕРСИТЕТТЕ ЭНДАУМЕНТ ҚОРЫН ҚҰРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Қайрат Балабиев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында жоғары оқу орнында эндаумент қорын құру бастамасы жан-жақты талқыланды. Жиынға Мәжілістің экс-депутаттары Болатбек Нәжімединұлы, Ерболат Саурықов, Әбутәліп Мүтәлиев, Данабек Исабеков, Мұқаш Ескендіров , Бауыржан Смағұлов және Нұрсұлтан Байтілесов қатысты. Басқосуда университеттердің қаржылық тұрақтылығын нығайту, академиялық дербестігін арттыру және білім беру сапасын ұзақ мерзімді негізде қамтамасыз етудегі эндаумент қорларының рөлі сөз болды.Эндаумент қорын құру тетіктері Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-1-бабында және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған. Бұл құқықтық негіз жоғары оқу орындарына қосымша қаржы көздерін қалыптастырып, инвестициялық табыс есебінен өз дамуын тұрақты қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов эндаумент қорын қалыптастырудағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, университет бұл бағыттағы жұмысты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде Stanford University тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асыруда.
— Қордың басты ерекшелігі – қорға түскен қаражатты бірден материалдық қажеттіліктерге жұмсамау. Керісінше, негізгі капитал инвестициялық құралдарға орналастырылып, одан түсетін табыс университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға бағытталады. Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде жоғары оқу орындарының ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді моделі ретінде мойындалған, — дейді Ерболат Байұзақұлы.
Эндаумент қорларын дамыту Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, университеттердің қаржылық дербестігін күшейту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерімен сабақтас. Мұндай қорлар бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін көбейтіп қана қоймай, білім мен ғылымға қоғамның, түлектердің және бизнестің инвестициялық қатысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Кездесу қорытындысында университет ректоры Қайрат Рахымұлы Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбековке эндаумент қорын құру бойынша көршілес жоғары оқу орындарының тәжірибесін зерделеп, сала мамандарымен тәжірибе алмасуды және жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Осыған ұқсас
БОЛАШАҚҚА БАҒДАР ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ: «СТУДЕНТТЕРІ 100 ПАЙЫЗ САБАҚҚА КЕЛЕТІН УНИВЕРСИТЕТ»
ОҚПУ ҰЖЫМЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ
СТУДЕНТТЕРІМІЗ —ЗИЯТКЕРЛІК ТУРНИРДІҢ ҮЗДІКТЕРІ!
РЕКТОР ЖАЙДАРМАНШЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
100 күн: жұмыс нәтижелері
«ЕҢСЕСІ БИІК ЕГЕМЕН ЕЛІМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
«ТОЛЫҚ АДАМ – САНАЛЫ, БІЛІМДІ, ЖАУАПТЫ ТҰЛҒА» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАСТАРҒА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ
«ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛЕНДІРУДЕГІ АБАЙ ІЛІМІ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ